Сот үкімін орындаудан жалтарған Қазақстан азаматшасы экстрадицияланды
Қарағандыда сот үкімімен бас бостандығынан айырылған әйел адам түрмеге отырмас үшін Ресейге қашып кеткен. Бас прокуратура оны Ресейден экстрадициялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әйел адам Қарағанды қаласының Әлихан Бөкейхан атындағы аудан сотының 10.05.2024 жылғы үкімімен адамдар тобымен алдын ала сөз байласып күш қолдану арқылы тонағаны және бөтеннің мүлкін ұрлағаны үшін кінәлі деп танылған. Сот оған 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындаған. Алайда, пробация бақылауында бола тұра, 2025 жылғы наурызда сотталған жазаны өтеуден өз бетінше жалтарған.
«Осыған байланысты бас бостандығын шектеудің өтелмеген 1 жыл 4 ай 7 күн мерзімі бас бостандығынан айыруға ауыстырылып, оған іздеу жарияланған. 2025 жылғы қарашада сотталған тұлға Ресей аумағында ұсталған. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрау салуы бойынша ол елге экстрадицияланды. Бүгінгі күні жазасын әрі қарай өтеу үшін сотталған адам тергеу изоляторына қамалған», – делінген хабарламада.