Қазақстан биыл 25,5 млрд доллар шетелдік инвестиция тартуды жоспарлап отыр
Былтыр тікелей шетелдік инвестициялар ағыны 20 млрд доллардан асты
Олжас Бектенов әлемдік энергетика алпауыттарымен кездесті. Шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-ші отырысы аясында Үкімет басшысы Олжас Бектенов Eni және Baker Hughes компанияларының жетекшілерімен келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Олжас Бектенов бүгін Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы күшіне енгенін атап өтті. Еліміздің президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен экономиканың тұрақты және әртараптандырылған өсуін қамтамасыз етуге бағытталған инвестициялық цикл жүзеге асырылуда. Былтыр тікелей шетелдік инвестициялар ағыны 20 млрд доллардан асты. Биыл ел экономикасына 25,5 млрд доллардан астам шетелдік инвестиция тарту жоспарланып отыр.
Кездесулер барысында бірлескен инвестициялық жобалардың ағымдағы мәртебесі талқыланды, сондай-ақ экономиканың басым бағыттарындағы өзара іс-қимылды одан әрі дамыту перспективалары қаралды.
Eni S.p.A-ның жаһан бойынша табиғи ресурстарды барлау және өндіру жөніндегі директоры Лука Виньятимен энергетикалық инфрақұрылымды одан әрі дамыту мәселесі қаралды. Жаңаөзенде жалпы қуаты 247 МВт гибридті электр станциясының құрылысына ерекше назар аударылды, оны іске асыру қазіргі заманғы төмен көміртекті технологияларды енгізуге және елдің энергия жүйесінің тұрақтылығын арттыруға ықпал ететін болады.
«Baker Hughes директорлар кеңесінің төрағасы және бас атқарушы директоры Лоренцо Симонеллимен кездесуде өндірісті локализациялауды кеңейту және мұнай-газ саласында заманауи технологиялық шешімдерді енгізу мәселелері талқыланды. Бүгінгі таңда Қазақстанда компания қосалқы бөлшектердің 174 атауын өндіруді локализациялады, 100-ге жуық позиция қазақстандық жеткізушілермен бірлесіп пысықтау сатысында тұр, бұл ретте компанияның сервистік қызметтерінің 95%-ын қазақстандық бөлімшелер мен мамандар орындайды. Baker Hughes локализацияны одан әрі кеңейтуге, отандық кәсіпорындармен әріптестікті дамытуға, өнеркәсіптік жабдықтарды мониторингілеу үшін цифрлық шешімдерді енгізуге, сондай-ақ газ өңдеу, заманауи өндірістер құру және декарбонизация саласындағы жобаларға қатысуға ниетті екендігі атап өтілді», – делінген Үкіметтің хабарламасында.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға және мұнай-газ саласындағы технологиялық әріптестікті кеңейтуге өзара мүдделілігін растады.