Жеке медициналық ұйымдар мемлекеттен 221 млн теңге жымқырмақ болған
Қаржылық мониторинг агенттігі Маңғыстау облысында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаражатын жымқыру фактісі бойынша екі жекеменшік клиниканың басшылығын тергеп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тергеу амалдарына сай, «ИБН СИНА» және «SOFIE MED GROUP» медициналық орталықтарының лауазымды тұлғалары ер адамдарға қойылған «варикоцеле» диагнозы бойынша медициналық қызметтерді кодтау кезінде әйелдерге арналған жоғары технологиялық операцияның – «кіші жамбас ағзалары мен жатыр артериялары тамырларының эндоваскулярлық эмболизациясы» қызмет кодын көрсеткен.
Нәтижесінде 200-ден астам ер адамға негізсіз қымбат медициналық қызметтер рәсімделіп, емдеу құны 10 есеге дейін ұлғайтылған.
Сонымен қатар 19 жағдайда пациенттер аталған клиникаларға жүгінгенін мүлде растаған жоқ.
«Мемлекетке келтірілген залал сомасы 221 млн теңгеден асты. Тергеп-тексеру жүріп жатыр. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды», – делінген ҚМА хабарламасында.