Үкімет басшысы министрлерге инфляцияны тежеу мен экономикалық өсімді қамтамасыз етуді тапсырды

Жыл соңына дейін шамамен 12 мың шақырым инженерлік желіні жөндеу жоспарланып отыр

Үкімет басшысы министрлерге инфляцияны тежеу мен экономикалық өсімді қамтамасыз етуді тапсырды
Фото: Үкімет

Премьер-министр Олжас Бектенов үкімет отырысында мемлекет басшысының Парламент палаталарының бірлескен отырысында берген тапсырмаларын іске асыру бойынша бірқатар міндет жүктеді. Оның айтуынша, реформалардың түпкі мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыру, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Биыл инфляцияны 10%-дан төмен деңгейде ұстап тұру – орнықты экономикалық өсімге жол ашатын маңызды фактор. Оған қол жеткізу үшін тиісті құралдар бар. Жұмыс Ұлттық банкпен үйлестіріле отырып жүргізілуі тиіс», – деді Олжас Бектенов.

Премьер-министр мемлекеттік органдарға Макроэкономикалық тұрақтандыру жөніндегі бірлескен іс-қимыл бағдарламасы мен инфляцияны бақылау және төмендету шараларын сапалы орындауды тапсырды. Сондай-ақ отандық өндірушілерді қолдау, тауар қорын жеткілікті деңгейде сақтау, логистиканы дамыту және теңгерімді тарифтік саясат жүргізу қажеттігін атап өтті.

Энергетика мен коммуналдық секторды жаңғырту аясында жыл соңына дейін шамамен 12 мың шақырым инженерлік желіні жөндеу жоспарланып отыр.

«Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі өңір әкімдіктерімен бірлесіп, жоспарланған тұрғын үй көлемінің уақытылы пайдалануға берілуін қамтамасыз етуі тиіс. Инженерлік инфрақұрылымды уақытылы жүргізу және құрылыс жұмысының сапасы ерекше бақылауда болуы тиіс», – деді үкімет басшысы.

Бектенов биыл өңдеу өнеркәсібінде 200-ге жуық жаңа жобаны іске қосу жоспарланғанын айтып, әрбір инвестициялық жобаны тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығын қолдау, мал шаруашылығын дамыту және ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамту шараларын күшейтуді жүктеді.

Газдандыру мәселесіне де ерекше назар аударылды.

«Энергетика министрлігіне «QazaqGaz» компаниясымен және облыс әкімдіктерімен бірлесіп, бір ай мерзімде газ тарату желілерін кеңейту және салу жоспарларын жаңартуды тапсырамын. Бұл жобаларды толық әрі үздіксіз қаржыландырып, іске асыру мерзімдеріне қатаң мониторинг жүргізу қажет», – деді Олжас Бектенов.

Премьер-министр көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту, жаңа теміржол желілерін салу, республикалық автожолдарды жаңғырту және Астанада жаңа әуежай құрылысына қатысты жұмыстарды жеделдетуді тапсырды. Сонымен қатар цифрландыру, жасанды интеллект, шағын және орта бизнесті қолдау, инвестиция тарту және «Таза Қазақстан» бастамасын іске асыру бағытындағы жұмыстарды күшейту қажеттігін айтты.

Үкімет басшысы жаңа Конституцияның нормаларын тиімді жүзеге асыру барлық мемлекеттік органның басты міндеті екенін атап өтті.

«Жаңа Конституцияның нормаларын нақты жүзеге асыратын ең жауапты кезең басталып отыр. Оларды тиімді іске асыру, құқық үстемдігі қағидаттарын нығайту және азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету барлық мемлекеттік органның үйлесімді жұмысына байланысты», – деп түйіндеді Олжас Бектенов.