Венесуэлада зілзаладан қаза тапқандар саны 1 943 адамға жетті

30 мыңға жуық адам зілзаладан зардап шекті

Венесуэлада зілзаладан қаза тапқандар саны 1 943 адамға жетті
Фото: Getty Images

Венесуэлада болған жойқын жер сілкіністері салдарынан қаза тапқандар саны 1 943 адамға жетті. Бұл туралы елдің ұлттық ассамблеясының төрағасы Хорхе Родригес мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, 10 571 адам түрлі жарақат алған, ал 28 380-нен астам тұрғын табиғи апаттан зардап шеккендер қатарына енген.

Жер сілкінісінен бір апта өтсе де, елде іздестіру-құтқару жұмысы жүріп жатыр. Құтқарушылар ғимараттардың құлау қаупі жоғары болғандықтан, үйінділердің төменгі қабаттарына арнайы қазылған тоннельдер арқылы жетуге мәжбүр.

Бұған дейін Венесуэла билігі табиғи апат салдарынан шамамен 900 ғимараттың зақымданғанын хабарлаған еді. Оның ішінде 189 нысан толық қираса, 650-ден астамы жартылай бүлінген. Ал NASA жерсеріктік суреттерге жасаған талдауының нәтижесінде әртүрлі деңгейде зақымданған ғимараттардың саны 59 мыңға жуық болуы мүмкін екенін мәлімдеді.

Еске салайық, өткен аптада Венесуэлада магнитудасы 7,2, 7,5 және 4,5 болатын бірнеше жер сілкінісі тіркелді. Ең көп зардап шеккен аймақ – елдің солтүстігіндегі Ла-Гуайра штаты. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, табиғи апаттан келген экономикалық шығын елдің жалпы ішкі өнімінің шамамен 20 пайызына дейін жетуі мүмкін.