Жүргізуші куәлігінің болуы, тротуармен жүрмеу, шлем: самокат айдайтындарға қатысты ереже бүгіннен бастап күшейді

Автор: Асыл Арман

Кикшеринг компанияларға да талаптар күшейді

Фото: freepik.com

Бүгіннен бастап Қазақстанда самокат айдайтындарға арналған ережелер түбегейлі өзгерді. Енді тәртіп күшейді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ведомство мәліметінше, енді әрбір жалға берілетін электрсамокатқа тіркеу нөмірі беріліп, сол арқылы заң бұзған электрсамокаттар камералар арқылы анықталатын болады. Сонымен қатар әрбір самокат қолданатын азаматқа сақтандыру полисі міндеттеледі.

Ал кикшеринг компаниялар электрсамокаттардың техникалық жағдайын қамтамасыз етуге, олардың жылдамдығы мен орналасқан жерін бақылауға, белгіленген жерде жылдамдықты автоматты түрде шектеуге, оларды ретсіз қалдыруды болдырмауға, самокаттардың есебін жүргізуге, қажетті мәліметтерді ішкі істер органдарына жолдауға міндетті.

Егер самокатты пайдаланушының жүргізуші куәлігі болмаса, ол жүріс жолымен жүрмеуі тиіс. Мұны сервис қатаң бақылауы қажет. Еске саламыз, электрсамокаттар велосипед жолымен немесе велосипед жолағымен жүруі керек. Олар болмаған жағдайда жолдың оң жақ шетімен, жол жиегімен, тротуармен немесе жаяу жүргіншілер жолымен қозғалуға болады.

«Тротуарда жүрген кезде жылдамдық сағатына 6 шақырымнан аспауы тиіс. Алайда 25 тамыздан бастап электрсамокаттардың тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолдарымен жүруіне тыйым салынады. Жолдың жиегімен жүруге тек 18 жасқа толған, жүргізуші куәлігінің кез келген санаты және арнайы шлемі бар адамдарға ғана рұқсат етіледі. Электрсамокатпен жолаушыларды, жүктерді тасымалдауға және жаяу жүргіншілер өткелі арқылы самокаттан түспей жолды кесіп өтуге, сондай-ақ қараңғы уақытта жарық қайтаратын элементтерсіз автокөлік жолымен жүруге тыйым салынады. Ішкі істер министрлігі азаматтарды заңнама талаптарын сақтауға шақырады. Жолдағы қауіпсіздік өзімізден басталады», – деді ІІМ әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Қабденов.