1 шілдеден бастап жаңа Конституция күшіне енді: елді қандай өзгерістер күтіп тұр

Жаңа Конституцияның күшіне енуі мемлекеттік басқару жүйесінің жаңа кезеңін бастайды

1 шілдеден бастап жаңа Конституция күшіне енді: елді қандай өзгерістер күтіп тұр
Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

1 шілдеде Қазақстанда жалпыхалықтық референдумда қабылданған жаңа Конституция толық күшіне енді. Осы күннен бастап елдің мемлекеттік басқару жүйесі жаңа форматта жұмыс істей бастайды. Конституцияда көзделген өзгерістерге сәйкес билік тармақтарының құрылымы қайта жасақталып, бірқатар жаңа мемлекеттік институт құрылады. Сонымен қатар заң шығару жүйесі, мемлекеттік басқару тетіктері және әлеуметтік-экономикалық саясаттың негізгі басымдықтары жаңа конституциялық талаптарға сай жүзеге асырыла бастайды. Бұл туралы Конституциялық комиссия мүшелері Үнзила Шапақ пен Нұртай Сабильянов айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Комиссия мүшелерінің айтуынша, жаңа Конституция тек мемлекеттік құрылымды өзгертумен шектелмейді. Құжат елдің ұзақмерзімді даму бағытын айқындап, адам капиталын дамыту, білім мен ғылымды қолдау, инновациялар мен жоғары технологияларды енгізу сияқты стратегиялық міндеттерді алдыңғы қатарға шығарады.

Үнзила Шапақтың пікірінше, жаңа Конституция Қазақстанның саяси жүйесін жаңғыртудың жаңа кезеңін бастап береді.

«Жалпы, ең маңызды өзгеріс – өзіміз бекіткен, халық қабылдаған жаңа Конституцияның толыққанды күшіне енуі. Соған сәйкес мемлекетті басқарудың жаңа моделі іске қосылып, мемлекеттік басқару жүйесіне енгізілген жаңа институттар жұмысын бастайды. Бұл өзгерістер елдің саяси жүйесін кезең-кезеңімен жаңғыртуға бағытталған. Халықтың жаңа Конституциядан күтер үміті де үлкен. Сондықтан алдағы уақытта оның нормалары кеңінен талқыланып, әрбір баптың мазмұны мен қолданылу тәртібі қоғамға жан-жақты түсіндірілетін болады. Себебі кез келген Конституция қабылданған сәтте емес, оны іске асыру барысында өзінің өміршеңдігін көрсетеді», – деді ол.

Оның айтуынша, жаңа Конституцияның негізгі өзегі – адам капиталына инвестиция салу. Сондықтан мемлекет білім беру, ғылым және инновация салаларын дамытуды басым бағыт ретінде қарастырады.

«Конституция жобасын талқылау кезінде біз адам капиталын дамыту негізгі басымдықтардың бірі болатынын бірнеше рет айтқанбыз. Мемлекеттің ұзақмерзімді дамуы азаматтардың білім деңгейіне, ғылымның дамуына, инновацияларға және жасанды интеллект технологияларын енгізуге байланысты болады. Сондықтан алдағы жылдары бюджеттен бөлінетін қаражаттың басым бөлігі осы бағыттарға жұмсалады. Бұл халықтың әлеуметтік жағдайына, тұрмыс сапасына және әл-ауқатына оң әсер етеді. Жаңа Конституция ең алдымен болашақ ұрпақтың мүддесіне бағытталған. Бүгінгі инвестициялардың барлығы келешек ұрпақтың сапалы білім алуына, жан-жақты дамуына және бәсекеге қабілетті болуына негіз қалайды», – деді Үнзила Шапақ.

Оның пікірінше, мұндай өзгерістердің нәтижесі қысқа мерзімде емес, бірнеше жыл ішінде көріне бастайды. Алайда дәл осы бағыттар ел экономикасының тұрақты дамуына, жаңа технологиялардың өндіріске енгізілуіне және азаматтардың өмір сүру сапасының артуына негіз болады.

Өз кезегінде комиссияның тағы бір мүшесі Нұртай Сабильянов жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін жүзеге асатын саяси және институционалдық өзгерістерге тоқталды.

Оның айтуынша, жаңа Конституцияның қолданысқа енгізілуімен қазіргі Парламенттің өкілеттік мерзімі аяқталып, ел жаңа парламенттік модельге көшеді.

«Жаңа Конституцияның қолданысқа енгізілуіне байланысты қазіргі Парламент депутаттарының өкілеттігі аяқталады. Конституцияға сәйкес елімізде жаңа сайлау өткізіліп, бір палаталы Құрылтайдың депутаттары сайланады. Сонымен қатар Қазақстанның Халық кеңесі құрылады. Мемлекеттік басқару жүйесінде жаңа лауазым – Қазақстан Республикасы вице-президенті қызметі енгізіледі. Құрылтай жасақталғаннан кейін президент вице-президентті Құрылтайдың келісімімен тағайындайды», – деді депутат.

Нұртай Сабильяновтың айтуынша, Конституцияның толыққанды іске асуы тек саяси институттарды қалыптастырумен аяқталмайды. Алдағы кезеңде негізгі міндет – онда көзделген нормаларды нақты заңнамалық және практикалық деңгейде жүзеге асыру.

«Конституцияда көзделген білім беру, әлеуметтік саясат және адам капиталын дамытуға қатысты жаңа нормаларды кезең-кезеңімен іске асыру міндеті тұр. Бұл өзгерістердің барлығы еліміздің одан әрі тұрақты дамуына, халықтың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Сондай-ақ Конституция экономиканы дамытуға, кәсіпкерлік субъектілерін қолдауға, азаматтардың еңбек етуіне қолайлы жағдай жасауға және елге инвестиция тартуға жаңа мүмкіндіктер ашады. Сондықтан жаңа Конституцияда көзделген реформаларды толық әрі сапалы жүзеге асыру – алдағы кезеңнің басты міндеттерінің бірі», – деп түйіндеді ол.

Комиссия мүшелерінің пікірінше, жаңа Конституцияның күшіне енуі мемлекеттік басқару жүйесінің жаңа кезеңін бастап қана қоймай, елдің саяси, әлеуметтік және экономикалық дамуының алдағы бағытын айқындайтын маңызды тарихи қадам болмақ.