Tarlan Astana: елордада LRT-ге мінгендер саны 3 млн-нан асып кетті

Орташа тәуліктік жолаушылар ағыны – шамамен 70 мың адам

Tarlan Astana: елордада LRT-ге мінгендер саны 3 млн-нан асып кетті
Фото: Астана әкімдігі

Елордада Tarlan Astana жеңіл рельсті көлік жүйесі іске қосылған сәттен бері оның қызметін 3,1 миллион жолаушы пайдаланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Астана әкімдігінің мәліметінше, қазіргі уақытта жүйенің орташа тәуліктік жолаушылар ағыны – шамамен 70 мың адам. Бұл көрсеткіш оның елорда тұрғындары мен қонақтары арасында жоғары сұранысқа ие екенін көрсетеді.

«Tarlan Astana елордадағы қоғамдық көліктің негізгі түрлерінің біріне айналып, жолаушыларға жылдам, жайлы әрі қолайлы қатынау мүмкіндігіне айналып келеді. Айта кетейік, елордада Tarlan Astana жобасының Қосшы бағытына арналған екінші кезеңін іске асыру жұмысы да басталды. Жобаның жүзеге асырылуы елорданың көлік инфрақұрылымын одан әрі дамытуға, көлік қатынасының қолжетімділігін арттыруға және тұрғындар мен қала қонақтарының жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді», – делінген Астана әкімдігінің хабарламасында.