Ең мықты құрамның бірі – президент Парламенттің сегізінші шақырылымының депутаттарына зор алғыс білдірді

Соңғы үш жылда 300-ден астам заң қабылданған

Ең мықты құрамның бірі – президент Парламенттің сегізінші шақырылымының депутаттарына зор алғыс білдірді
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мәжіліс пен Сенат депутаттарына шынайы ризашылығын білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Мен Парламенттегі қайнаған еңбектің, онда қабылданған әрбір заңның Тәуелсіз еліміздің келешегі үшін қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінемін. Осы тарихи сәтке орай, ұлт мүддесін бәрінен биік қойып, елге мінсіз әрі адал қызмет еткені үшін барлық шақырылымдағы Мәжіліс пен Сенат депутаттарына шынайы ризашылығымды білдіремін. Әсіресе, Парламенттің қазіргі құрамына, яғни сіздерге алғысым зор. Бұл шақырылымды Қазақстанның жаңа тарихындағы ең мықты құрамның бірі деп сеніммен айтамын. Себебі сіздер мемлекетіміздің дамуындағы өте күрделі және шешуші кезеңде жұмыс істедіңіздер», –  деді Тоқаев.

Ол атағандай, барлығы ел өмірінде болып жатқан ауқымды өзгерістердің бастауында тұрды.

«Қаншалықты қиын болса да, түбегейлі өзгерістерді жүзеге асыру жолында табанды еңбек еттіңіздер. Сын сағатта жауапкершіліктен жалтармай, мемлекетіміз үшін аса қажетті реформаларды жүргізуге ұйытқы болдыңыздар. Тек кейінгі үш жылдың өзінде 300-ден астам өте маңызды заң қабылданды. Олардың қатарында еліміздің алдағы биік белестерінің сенімді арқауы болатын, тарихи мәні зор конституциялық заңдар мен кодекстер бар. Біз біртұтас ұлт болып мемлекетімізді түбегейлі жаңғырту ісін қолға алдық. Экономикадан бастап қоғамдық құндылықтар жүйесіне дейін – ел өмірінің барлық саласында ауқымды өзгерістер жасалды. Әрине, дәуірлік ауқымдағы мұндай реформалардың бел ортасында жүру зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік», – деді Тоқаев.

Президенттің айтуынша, осы тұрғыдан алғанда депутаттар өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарып шықты.

«Әділетті әрі Қуатты Қазақстанды құру үшін қажырлы еңбек еттіңіздер.Сіздердің табанды, мардымды еңбектеріңіз еліміздің жылнамасында қалатынына күмән болмауы керек. Дегенмен уақыт бір орында тұрмайды, зымырап өтіп жатыр. Көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп жатқан қазіргі кезеңде шын мәнінде жаңашыл әрі батыл қадамдар жасалуға тиіс. Осы өзекті мәселені мен бұрын да бірнеше рет айтқанмын. Бұл – заман талабы», – деді Тоқаев.