Атырауда «Нива» мінген жас жігіт дрифт жасаймын деп басы дауға қалды
Оқиға 27 маусым күні сағат 14:00 шамасында Өркен ықшам ауданында болған
Атырауда «Нива» мінген 22 жастағы жас жігіт дрифт жасаймын деп басы дауға қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Атырауда жол сақшылары жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды тұрақты түрде күшейтіп, тұрғындардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін өрескел құқық бұзушылықтардың алдын алуда. Әсіресе, елді мекен ішінде автокөлікпен әдейі дрифт жасау, жылдамдықты шамадан тыс арттыру және жол қозғалысы ережелерін елемеу – жол-көлік оқиғаларының туындауына себеп болатын қауіпті әрекеттердің бірі.
«27 маусым күні сағат 14:00 шамасында Өркен ықшам ауданында автокөліктің дрифт жасағаны, сондай-ақ жүргізуші мен жолаушының қауіпсіздік белдігін тақпағаны анықталды. Оқиға орнына жедел жеткен патрульдік полиция қызметкерлері құқық бұзушылықтың жолын кесіп, 22 және 19 жастағы азаматтар маневр жасау қағидаларын бұзу, қауіпсіздік белдіктерін пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамау және жаяу жүргіншілердің және жол жүрісіне өзге де қатысушылардың жол жүрісі қағидаларын бұзуы баптары бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – делінген ПД хабарламасында.
Атырау облысының Полиция департаменті жүргізушілерді Жол қозғалысы қағидаларын қатаң сақтауға, қауіпті көлік жүргізу мәнерінен бас тартуға және мұндай әрекеттердің ауыр зардаптарға әкеліп, айналадағы адамдардың қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін екенін естен шығармауға шақырады.