Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,1%-ға өскен
Қазақстанда осы жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша тұрғындардың жан басына шаққандағы ақшалай табысы 399,8 мың теңгені немесе айына орта есеппен 133,3 мың теңгені құрады. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,1%-ға, ал инфляцияны есепке алғандағы нақты мәнде 2,2%-ға өскен. Бұған дейін бұл көрсеткіш үш тоқсан қатарынан төмендеп, әр тоқсанда орта есеппен 2,8%-ға қысқарған болатын. Есептеулер ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының деректеріне негізделген. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Data Hub-қа сілтеме жасап хабарлайды.
Жан басына шаққандағы табыс бүкіл халықтың емес, тоқсан сайын іріктелетін 12 мың үйдің мәліметтері негізінде есептеледі. Ұлттық статистика бюросы халық арасында жүргізілген сауалнама нәтижелерін пайдаланады. Онда үй иелері өздерінің және отбасы мүшелерінің еңбек табысы, зейнетақы, шәкіртақы, жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек, алимент, мүліктен түсетін кіріс және өзге де табыс көздері туралы мәлімет береді. Кейін бұл деректер елдің барлық халқына, соның ішінде жұмыссыздар мен балаларға да статистикалық әдіспен таратылады.
«Жан басына шаққандағы нақты табыстың өсуіне зейнетақы төлемдері үлес қосты. Олардың жалпы табыстағы үлесі 20,5%-ды немесе 81,2 мың теңгені құрады. Бұл бір жыл бұрынғыдан 2,7 пайыздық тармаққа жоғары. Номиналды түрде зейнетақы көлемі 31,8%-ға, ал инфляцияны есептегендегі нақты өсім 18%-ға жетті. Мұндай жоғары нақты өсім соңғы рет пандемия кезіндегі 2020 жылдың ІІІ тоқсанында тіркелген. Ол кезде де зейнетақының жалпы табыстағы үлесі шамамен 20,9% болған. Сонымен қатар жан басына шаққандағы зейнетақы төлемдерінің айтарлықтай өсуі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жариялайтын орташа зейнетақы көлемімен сәйкес келмейді. Министрлік мәліметінше, 2026 жылдың І тоқсанында орташа зейнетақы 157,8 мың теңгені құраса, бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 143,6 мың теңге болған. Сарапшылар мұны жан басына шаққандағы табыстың шектеулі іріктеме негізінде есептелуімен және биыл зейнетақысы жоғары азаматтардың көбірек енуімен байланыстырады», – делінген хабарламада.
Ал еңбек қызметінен түсетін табыс, яғни жан басына шаққандағы кірістің негізгі бөлігі, жалпы табыстың 72,3%-ын немесе 288,9 мың теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,6 пайыздық тармаққа төмен. Номиналды түрде еңбек табысы 10,2%-ға артқанымен, бұл өсім инфляция деңгейінен төмен болғандықтан, нақты мәнде көрсеткіш 1,4%-ға қысқарды. Осылайша, инфляцияны есепке алғандағы еңбек табысының азаюы бес тоқсан қатарынан жалғасып келеді.