«Тұман мен боранға қарсы»: бірқатар өңірдегі тасжолда жүргізушілерге бағдар беретін лазер орнатылды (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында заманауи технологияларды енгізу жұмысы жүріп жатыр

Фото: Видеодан скрин

Қазақстанның ең қауіпті тасжолдарында заманауи қондырғылар іске қосылды. Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, жаңа лазерлік жүйелер ауа райы қолайсыз күндері жүргізушілерге жолды дұрыс бағдарлауға көмектесіп, апаттардың алдын алады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында заманауи технологияларды енгізу жұмысы жүріп жатыр. Лазерлік жүйелер тұман, боран, нөсер, жауын сияқты көріну қашықтығы төмендейтін, қолайсыз ауа райында жүргізушілерге жолды дұрыс бағдарлауға көмектеседі.

Тәжірибе көрсеткендей, мұндай жүйелер жол жүрісінің қауіпсіздігін арттырып, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға оң әсерін тигізіп отыр.

«Бүгінде лазерлік қондырғылар республикалық маңызы бар автожолдардың көлік ағыны қарқынды және апат қаупі жоғары 22 учаскесінде жұмыс істеп тұр. Ішкі істер министрлігі жол ұйымдарымен бірлесіп, азаматтардың қауіпсіз әрі қолайлы қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында аталған технологияларды автожолдардың өзге де учаскелеріне кезең-кезеңімен енгізу жұмысын жалғастырады. Жолдағы қауіпсіздік – әрбіріміздің жауапкершілігіміз. Жол жүрісі қағидаларын қатаң сақтаңыздар!» – деді ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Бағланбек Айтпаев.