Аптап ыстықтан Астана – Павлодар тасжолының жабыны бүлінді

Автор: Алмас Ерсін

Жолдың жекелеген учаскелерінде асфальт көтеріліп, көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізілді

"ҚазАвтоЖол" видеосынан скриншот

Астана – Павлодар бағытындағы республикалық автожолдың бір бөлігінде аптап ыстықтың салдарынан цемент-бетон жабыны бүлінді. Жол қызметтері жөндеу жұмыстарына кірісті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ға сілтеме жасап.

Ақау 28 маусым күні KAZ04 Астана – Шідерті – Павлодар – Успенка – Ресей шекарасы автожолының 413-шақырымында, Астанадан Павлодарға қарай бағытта жоспарлы тексеру кезінде анықталған.

Компанияның мәліметінше, ыстық күндері жол мамандары цемент-бетон жабынының жай-күйін ерекше бақылауда ұстайды. Бұл температураның әсерінен болатын деформацияларды дер кезінде анықтап, бетон плиталарының көтеріліп кетуіне жол бермеу үшін қажет.

Ақау анықталғаннан кейін аталған учаскеге уақытша жол белгілері орнатылып, қалпына келтіру жұмыстары басталды. Қазір мамандар бүлінген жабындыны алып тастап, қиыршық тас негізін төсеп, асфальт-бетон қоспасын салып жатыр.

«ҚазАвтоЖол» бұған дейін бұл бағытта алдын алу жұмыстары жүргізілгенін атап өтті. Атап айтқанда, бетон плиталарындағы ішкі кернеуді азайту үшін компенсациялық жіктер кесіліп, жекелеген учаскелерде жөндеу жұмыстары атқарылған.

Жөндеу жұмыстарына қажетті техника мен мамандар тартылған. Компания өкілдерінің айтуынша, республикалық маңызы бар автожолдардың жай-күйі тұрақты бақылауда болып, уақтылы күтіп-ұстау жұмыстары жалғасады.