Қазіргі уақытта қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі бойынша тергеліп жатыр
Алматы облысында полиция қызметкері Аслан Әлсеровті өлтірді деген күдікке ілінген кәмелетке толмаған жасөспірімдерге қатысты бұлтартпау шарасы белгілі болды. Сот шешімімен олар үйқамақта болады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Кеген аудандық сотының бұл шешімін жасөспірімдердің адвокаттары Гаухар Сарыева мен Динара Шәмшекова мәлімдеді. Тергеу судьясы кәмелетке толмаған күдіктілерді тергеу изоляторына жіберуден бас тартып, үйқамақ шарасын таңдаған. Жақын арада оларға электронды білезіктер тағылып, тұрғылықты жеріне бейнебақылау жүйесі орнатылады.
Қорғаушылар тарапы сот отырысында істің өзге де мән-жайына назар аударуды сұрады.
Адвокаттардың айтуынша, балалар жылдар бойы отбасындағы жүйелі зорлық-зомбылық пен қатыгездік жағдайында өмір сүрген болуы мүмкін. Жасөспірімдер тек үйдегі жантүршігерлік оқиғалардың куәгері ғана емес, өздері де соның құрбаны болуы ықтимал деген болжам бар. Қорғаушылар бұл деректерді тергеу органдары мұқият тексеруі тиіс екенін алға тартты.
Еске сала кетейік, 23 маусымда Кеген ауданынан 37 жастағы полицияның аға жедел уәкілі Аслан Әлсеровтің өртенген денесі табылған болатын. Қылмысқа күдікті ретінде марқұмның жұбайы, оның ұлы және тағы бір жасөспірім ұсталды.
Тергеу мәліметінше, адам өлтіру дерегі Алматы қаласындағы пәтерлердің бірінде болып, кейін қылмыс ізін жасыру мақсатында марқұмның денесін Кеген ауданына алып кеткен. Қазіргі уақытта қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі бойынша тергеліп жатыр.