Шешуші кездесуде ол Франция спортшысы Ян Мотоли Бонгамбемен боз кілемге шықты
Чехия астанасы Прага қаласында өтіп жатқан Еуропа кубогінде қазақстандық дзюдошылар жүлдегерлер қатарынан көрінді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ерлер арасында 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдескен отандасымыз Шерзод Давлатов турнирдің бас жүлдесін сарапқа салды. Шешуші кездесуде ол Франция спортшысы Ян Мотоли Бонгамбемен боз кілемге шығып, қарсыласын мерзімінен бұрын айқын басымдықпен жеңді. Осылайша, Давлатов Еуропа кубогінің алтын медалін қоржынға салды.
Осы салмақта тағы бір қазақстандық спортшы жүлделі орынға ие болды. Қола медаль үшін өткен белдесуде Нұрәділ Әлжан өз отандасы Сұңғат Нұрлатулынан басым түсіп, жарыстың үшінші орнын иеленді.
Ал әйелдер арасында аса ауыр салмақта (78 келіден жоғары) бақ сынаған Карина Такиева да қола жүлдеге сынық сүйем қалғанда есе жіберді. Шешуші бәсекеде ол Португалия өкілі Рошели Нунеске есе жіберіп, жарысты 5-орынмен аяқтады.
Айта кетейік, Прагадағы Еуропа Кубогі 28 маусымда өз мәресіне жетеді.