Оның алдында ол түнгі клубтардың бірінде адам өлтіргені үшін сотталған
Теміртаудағы түнгі клубтардың бірінде адам өлтіргені үшін сотталып, кейін мерзімінен бұрын шартты түрде босатылған Қарағанды тұрғыны Магамед Гагиев тергеу изоляторының қызметкерін соққыға жыққан соң тағы да істі болды. Алайда апелляциялық және кассациялық сатылардан кейін ол нақты түрме жазасынан құтылып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға Қарағандыдағы тергеу изоляторының ғимаратында, Гагиев қаржы пирамидасы ісі бойынша қамауда отырған азаматтық некедегі әйелімен кездесуге келген кезде болған. Сол сәтте бос бөлмелердің болмауына байланысты ер адам мен мекеме қызметкерлері арасында жанжал туындайды.
Текетірес кезінде Гагиев полиция қызметкері Әсел Жамбаеваға күш қолданып, оның бетінен ұрған. Әріптестері араша түспек болғанымен, ер адамды дер кезінде тоқтатып үлгермеген.
Істі қараған бірінші сатыдағы сот Гагиевті «Билік өкіліне қатысты зорлық-зомбылық қолдану» бабы бойынша кінәлі деп танып, бұрынғы өтелмеген жазасын ескере отырып, оны 5 жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар сот жанжал кезінде бейәдеп сөздер қолданғаны үшін полиция қызметкерінің үстінен жеке қаулы шығарып, ол тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Алайда кейінірек сот үкімі өзгерді. Апелляциялық сот айыптау бабын жеңілдетіп, істі «Денсаулыққа зиян келтірмеген ұрып-соғу» бабына қайта саралады. Соның нәтижесінде бас бостандығынан айыру жазасы қоғамдық жұмыстарға ауыстырылды. Тергеу барысында қамауда өткізген уақыты жаза мерзіміне есептеліп, ер адам сот залынан босатылды. Кейін бұл шешімді кассациялық сот та күшінде қалдырды.
ІІМ зардап шеккен қызметкері бұл шешіммен мүлдем келіспейді. Ол өзінің адвокатымен бірге істі қайта қаратуды талап етіп, Бас прокуратураға жүгінді. Жәбірленуші тарап бірінші соттың шығарған 5 жылдық түрме жазасын ғана заңды әрі әділ деп есептейді.