Алакөлде жағаға жете алмай қалған бес турист құтқарылды
Кіші көлемді кемеде күтпеген жерден техникалық ақау шыққан
Абай облысындағы Алакөл көлінде Төтенше жағдайлар министрлігінің мамандары су үстінде шарасыз қалған бес демалушыны қауіпсіз жерге эвакуациялады,деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға құтқарушылардың көл акваториясында жүргізген кезекті рейдтік шаралары кезінде анықталды. Кіші көлемді кемеде күтпеген жерден техникалық ақау шығып, ол өз бетінше жағаға қайта алмай қалған.
Көмек қажеттігі туралы ақпарат түсісімен құтқару бөлімшесі оқиға орнына шұғыл жетті. Көлік бортында болған барлық адам жедел түрде эвакуацияланып, жағаға жеткізілді.
«Бортта болғандардың бәрі аман-есен жағалауға жеткізілді. Олардың ешқайсысына медициналық көмек қажет болған жоқ», — деп хабарлады ТЖМ өкілдері.
Судан аман-есен шыққан туристер құтқарушыларға дер кезінде көрсеткен көмегі үшін алғыс айтты. Төтенше жағдайлар министрлігі осы оқиғаға байланысты демалушыларға су үстіндегі қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды ескертеді.