Ақтауда есірткі салынған сәлемдемені алуға келген ер адам ұсталды

Автор: Дәулет Ботагөз

Заңсыз айналымнан алынған есірткінің жалпы салмағы 33,5 келіден асты

Фото: © istockphoto.com

Ақтау қаласында ірі көлемдегі есірткі партиясы салынған сәлемдемені алуға келген ер адам құрықталды. Тәртіп сақшылары жөнелтілім ішінен 33,5 келіден астам кептірілген марихуана тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Батыс Қазақстан облыстық Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен Маңғыстау облысындағы әріптестері бірлескен арнайы операция өткізді. Күдікті ретінде 41 жастағы азамат ұсталды.

Тергеу мәліметтеріне сүйенсек, күдікті Жамбыл облысынан елдің батыс өңірлеріне есірткі тасымалдау арнасын ұйымдастырған. Тыйым салынған затты жеткізу үшін кәдімгі жүк тасымалдау қызметі пайдаланылып, есірткі қарапайым сәлемдеме ретінде бүркемеленген. Ол Ақтауда жүкті алып жатқан сәтінде қылмыс үстінде ұсталды.

Полицейлер сәлемдемені тексеру барысында өсімдік тектес заты бар екі қапты тәркіледі. Тергеу барысында тәркіленген затқа жүргізілген арнайы сараптама оның кептірілген марихуана екенін растады. Заңсыз айналымнан алынған есірткінің жалпы салмағы 33,5 келіден асты. Жедел уәкілдердің болжамынша, бұл ірі партия Қазақстанның батыс өңірлерінде бөлшектеп сатуға арналған.

Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тәртіп сақшылары есірткінің заңсыз айналымға өтіп кетуінің жолын кесті.