Ақтөбеде әлеуметтік желі арқылы жалған тур сатқан алаяқ ұсталды
Ер адам жиналған қаражатты өз қажеттілігіне жұмсап жіберген
Ақтөбеде шетелдік демалыс жолдамаларын, қонақүйлер мен ұшақ билеттерді сылтау етіп, азаматтарды сан соқтырған күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Тұрғындар демалысқа да бара алмай, ақшасынан да айырылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ақтөбе облысының прокуратурасы хабарлағандай, күдікті ер адам әлеуметтік желілерде шетелге турлар ұйымдастыратыны туралы хабарландырулар жариялаған. Ол клиенттерге билет сатып алудан бастап, қонақүйге орналасуға дейінгі қызметтердің толық пакетін ұсынған.
Алайда, алаяқ ақшаны алғаннан кейін уәде етілген демалысты ұйымдастырмаған. Жәбірленушілер не билетті, не қонақүй ақшасын ала алмаған. Тергеу нұсқасы бойынша, ер адам жиналған қаражатты өз қажеттілігіне жұмсап жіберген.
Прокуратура алаяқтық әрекеттің салдарынан тұрғындарға ірі көлемде материалдық шығын келгенін айтты, бірақ нақты соманы жарияламады.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігі («Алаяқтық») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Құқық қорғау органдары осыған ұқсас алаяқтық әрекеттердің құрбаны болған немесе бұл іске қатысты қандай да бір ақпараты бар азаматтарды полицияға хабарласуға шақырды.
Қадағалау органы интернет арқылы тур іздеу кезінде сақтық шараларын қатаң ұстануға шақырады. Ең алдымен, туроператордың немесе туристік агенттіктің мемлекеттік тіркеуі мен лицензиясын міндетті түрде тексеру қажет. Сондай-ақ компания туралы өзге туристердің пікірлерімен танысып, оның сенімділігіне көз жеткізген жөн. Бұдан бөлек, келісімшарттың талаптарын мұқият оқып шығып, төлемге қатысты құжаттар мен хат-хабарларды міндетті түрде сақтап қою ұсынылады.