ШҚО-да екі теміржол вокзалы жөндеуден өтті

Нысандарды жаңарту еліміз бойынша 124 вокзалды қайта құрудың ауқымды бағдарламасы аясында іске асып жатыр

ШҚО-да екі теміржол вокзалы жөндеуден өтті
Фото: Көлік министрлігінің баспасөз қызметі

Шығыс Қазақстан облысында модернизациялау жұмыстары аяқталып, Риддер және Шемонаиха қалаларының теміржол вокзалдары ресми түрде іске қосылды. Нысандарды жаңарту еліміз бойынша 124 вокзалды қайта құрудың ауқымды бағдарламасы аясында іске асып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Көлік министрлігінің хабарлауынша, құрылыс барысында ғимараттардың қасбеті мен ішкі бөлмелері, инженерлік желілері, жолаушылар платформалары және іргелес аумақтары толықтай жаңартылды. Сонымен қатар, вокзалдар заманауи жабдықтармен және жаңа жиһаздармен қамтамасыз етілген.

Бұл өзгерістер жолаушылар үшін жайлы орта қалыптастырып, көрсетілетін қызмет сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Риддер мен Шемонаиха вокзалдары өңірдің логистикалық әлеуетін арттыратын маңызды көлік торабы болып табылады.

Министрліктің ресми мәліметіне сәйкес, жаңғырту жұмыстарынан кейін теміржол вокзалдарының аумағы айтарлықтай ұлғайды. Атап айтқанда, Риддер вокзалының жалпы аумағы 471 шаршы метрді, ал Шемонаиха вокзалының аумағы 230 шаршы метрді құрады.

«Жалпы, Шығыс Қазақстан облысында аталған бағдарлама аясында бес теміржол вокзалы модернизациядан өтіп жатыр. Қазіргі уақытта соның екеуі, яғни Риддер мен Шемонаиха нысандары жолаушылар үшін есігін айқара ашты», — деп мәлімдеді мекеме өкілдері.

Теміржол вокзалдарының сапасын жақсарту жұмыстары еліміздің өзге де өңірлерінде қарқынды жүріп жатыр. 1 шілдеге дейін Қазақстан бойынша толық жөндеуден өткен тағы 30 модернизацияланған вокзалды пайдалануға беру жоспарланған.