«Интимді видеоларыңды таратамын»: Ақтөбеде ер адам бұрынғы сүйіктісін бопсалаған (ВИДЕО)
Күдікті көршілес облыстың 38 жастағы тұрғыны болып шықты
Ақтөбе ер адам бұрынғы сүйіктісін бопсалап, интимді видеоларын таратамын деп қорқытқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ҚР ІІМ мәліметінше, полицияға Ақтөбе қаласының тұрғыны арызбен жүгініп, бұрын қарым-қатынаста болған таныс ер адамның оның келісімінсіз түсірілген интимдік сипаттағы бейнежазбаларды таратамын деп қорқытып, психологиялық қысым көрсетіп жүргенін хабарлаған. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктінің жеке басы анықталып, қолға түсті. Күдікті көршілес облыстың 38 жастағы тұрғыны болып шықты.
«Аталған факті бойынша жеке өмірге қол сұғушылық белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға, сондай-ақ күдіктінің өзге де құқыққа қайшы әрекеттерге қатысы бар-жоғын тексеруге бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – делінген ПД хабарламасында.
Полиция азаматтарға жеке өмірге қатысты мәліметтерді тарату немесе оларды таратамын деп қорқыту заңға қайшы әрекет екенін және ол үшін заңда көзделген жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді. Осындай жағдайларға тап болған жағдайда дереу полиция органдарына хабарласу қажет.