Кей өңірлерде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, жел күшейеді, кей жерлерде бұршақ жаууы мүмкін
«Қазгидромет» РМК алдағы демалыс күндеріне арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Синоптиктердің мәліметінше, алдағы демалыс күндері белсенді циклон мен атмосфералық фронтальды бөліктердің өтуіне байланысты еліміздің басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болады. Жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, жел күшейеді, кей жерлерде бұршақ жаууы мүмкін. Еліміздің батысында, солтүстік-батысында және солтүстігінде қатты жаңбыр жауады деп болжануда.
«Күндізгі ауа температурасы республиканың батысы мен солтүстік-батысында +18...+26 °C-қа дейін төмендейді. Оңтүстік өңірлерде аптап ыстықтың аздап бәсеңдеуі күтіліп, ауа температурасы +28...+38 °C аралығында болады. Солтүстік өңірлерде күндіз +22...+30 °C күтіледі», – делінген синоптиктер болжамында.
Сонымен қатар, Қазақстанның шығысында, солтүстік-шығысында, оңтүстік-шығысында және орталық өңірлерінде ыстық ауа райы сақталады. Күндіз ауа температурасы +33...+38 °C-қа дейін көтеріліп, жекелеген аудандарда өте қатты ыстық +40 °C-қа дейін жетеді деп болжанып отыр.