«Бірыңғай QR-код енгіземіз»: Ұлттық банк төрағасы жазда немен айналысатынын айтты

Автор: Аягөз Құрмаш

Цифрлық теңге жүйесі де жалғасады

Фото: istockphoto.com

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Парламент палаталарының бірлескен отырысының кулуарында биылғы жазға арналған негізгі жоспарлары жайлы ой бөлісті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бас банкирдің айтуынша, алдағы айларда қаржы секторында бірқатар маңызды жоба іске асырылмақ. Оның ішінде халық асыға күткен бірыңғай QR жүйесі де бар.

«Осы жазда біз анықтаған маңызды шаруалардың ішінен міндетті түрде қолға алатынымыз, бірыңғай QR-ды іс жүзінде енгіземіз және цифрлық теңгені дамытуды жалғастырамыз. Сондай-ақ үкіметпен бірлескен жоспарымызда оның көлемін бір триллион теңгеге дейін жеткізу көзделген», - деді Тимур Сүлейменов кулуарда.

Ұлттық банк басшысы бұл бағытта алдағы уақытта арнайы баспасөз мәслихаты ұйымдастырылуы мүмкін екенін де жоққа шығарған жоқ.

Сондай-ақ Тимур Сүлейменов мемлекеттік бюджеттік қарыздар ауқымында миллиардтаған сомалар үлкен рөл атқармайтынын атап өтті. Ол «миллиард, екі, үш, бес немесе он миллиард дегеніміз - көптриллиондық қарыздар ауқымында өте аз сома» екеніне тоқталды.

Сөз соңында Ұлттық банк төрағасы ел экономикасында ешқандай теріс өзгерістер болмайтынын айтып, халықты тыныштандырды.

«Ешқандай өзгерістер күтіп тұрған жоқ, оны нық сеніммен айтуға болады. Қазақстандықтар алаңсыз демала алады. Ал бізге, негізінен, демалуға уақыт жоқ, жұмыс әдеттегідей жалғасады», - деп түйіндеді сөзін бас банкир.