Ақшаны алған жас жігіт көп ұзамай қолға түсті
Ақтөбеде полицейлер мерзімді әскери қызметін кейінге қалдыруға көмектесемін деп алдаған күдіктіні ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полицияға өңірдің 20 жастағы тұрғыны жүгінген. Ол көктемгі әскерге шақыру науқаны аясында медициналық комиссиядан өтіп жүргенін айтқан.
«Жәбірленушінің айтуынша, белгісіз ер адам 250 мың теңге көлемінде ақшаға әскери қызметін кейінге қалдыруды рәсімдеуге көмектесетінін уәде еткен. Оның сөзіне сенген жас жігіт сұраған ақшасын берген. Алайда ақшаны алғаннан кейін күдікті із-түзсіз жоғалып, уәдесін орындамаған», – деп мәлімдеді Ақтөбе облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Жедел-іздестіру шаралары барысында полицейлер күдіктінің жеке басын анықтап, оны ұстады. Ол 21 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты.
Тергеу барысында оның алған ақшаны жеке қажеттіліктеріне жұмсағаны белгілі болды.
Аталған факті бойынша алаяқтық бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.
«Заң және тәртіп» тұжырымдамасы – мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, құқықтық тетіктерді нығайтуға, құқық бұзушылыққа мүлде төзбеушілік қағидатын қалыптастыруға және заңды қатаң сақтау ұлттық құндылыққа айналатын қоғам құруға бағытталған негізгі саяси ұстаным.