Павлодар облысында 13 адам мінген құтқару тікұшағы апатты жағдайда қонды
Олардың барлығы аман, қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ
Павлодар облысында іздестіру-құтқару операциясына жұмылдырылған «Қазавиақұтқару» тікұшағы Байдалы ауылынан бірнеше шақырым жерде орналасқан ашық алқапқа апатты жағдайда қонды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тікұшақ бортында 13 адам болған. Оның 5-еуі – экипаж мүшесі, 8-і – жолаушы.
«Көлік министрлігі 24 маусымда Павлодар облысындағы Заря елді мекені маңында «Қазавиақұтқару» АҚ пайдаланатын UP-MI872 тіркеу нөмірлі Ми-8 АМТ тікұшағының қатты қонғанын хабарлады. Ұшу мақсаты жоғалған адамды іздеу бойынша іздестіру-құтқару жұмысын жүргізу болған. Оқиға салдарынан қаза тапқандар жоқ. Қазіргі уақытта зардап шеккендер туралы мәлімет нақтыланып жатыр.
Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2017 жылғы 27 шілдедегі №505 бұйрығымен бекітілген авиациялық оқиғалар мен инциденттер туралы деректерді ұсыну және оларды тергеп-тексеру қағидаларына сәйкес, бұл оқиға адам шығыны жоқ авиациялық оқиға (апат) ретінде жіктеліп, оны ҚР Көлік министрлігінде Көліктегі оқиғалар мен оқыс оқиғаларды тергеп-тексеру департаменті зерттейді.
Қазіргі уақытта департамент қызметкерлері оқиғаның нақты себептері мен мән-жайларын анықтау үшін тергеудің далалық кезеңін бастап, деректер жинау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
«Тікұшақ бортында экипаж мүшелері мен құтқарушылар болған. Олардың барлығы аман, қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр», – деді ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Динара Нұрғалиева.
Ведомство мәліметінше, әуе кемесі жазатайым оқиғадан кейін жетуі қиын аумақта қалып қойған 1950 жылы туған ер адамды іздеу тапсырмасын орындаған.
«Алдын ала ақпарат бойынша, ер адам балық аулап жүрген кезде мотоциклмен аударылып, аяғын жарақаттап алған. Осыдан кейін көмек сұраған», – деді Динара Нұрғалиева.
Іздестіру-құтқару жұмысы шамамен бір тәулікке созылған. Оған құтқарушылардың жерүсті бөлімшелері, еріктілер және ТЖМ авиациясы жұмылдырылды.
Іздеу шараларының нәтижесінде зардап шеккен азамат табылып, оған жедел түрде қажетті медициналық көмек көрсетілді. Құтқарушылардың айтуынша, оның өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.