Тергеуді бірнеше құқық қорғау органы жүргізіп жатыр
Сенат кулуарында Қорғаныс министрінің орынбасары Қаныш Әбубәкіров бұрынғы мерзімді әскери қызметші Ербаян Мұхтардың қазасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Вице-министрдің айтуынша, аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қазір тергеу жүріп жатыр және оның қорытындысы бойынша кінәлілер жауапқа тартылады. Сондай-ақ Ұлттық ұланның қолбасшылығына қатысты тәртіптік шаралар қабылданады.
«Қорғаныс министрлігі атынан марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтамын. Тергеу барысында кінәлілер анықталып, жауапкершілікке тартылады», – деді Қаныш Әбубәкіров.
Тілшілер тергеудің неліктен ұзаққа созылғанын сұрағанда, вице-министр бұл істің Ішкі істер министрлігінің құзырында екенін айтты. Ал әскери прокуратураның бұл іске қатысы жөніндегі сауалға жауап берген ол тергеуге бірнеше орган жұмылдырылғанын жеткізді.
«Бұл іспен тек Ішкі істер министрлігі ғана емес, әскери прокуратура және өзге де құқық қорғау органдары айналысып жатыр», – деді ол.
Қаныш Әбубәкіровтің сөзінше, оқиға болған күннен бастап Қорғаныс министрлігі Ербаян Мұхтардың отбасымен байланыста болған. Әскери қызметші әскери госпитальда ем қабылдап, оған қажетті медициналық көмек көрсетілген.
«Министрлік қолдан келген көмектің бәрін көрсетті. Ұлттық ұлан басшылығы жерлеу рәсіміне де қатысады деп ойлаймын», – деді вице-министр.
Еске салайық, Ербаян Мұхтардың қайтыс болғанын алғаш болып оның адвокаты Инга Иманбай хабарлаған болатын. Кейін бұл ақпаратты Денсаулық сақтау министрлігі растады.