Атырау облысында ер адам 90 жастағы әкесін ас-сусыз, аяқ-қолын байлап, қамауда ұстаған

Ол түнде терезеден далаға шығып, туыстарының үйіне барып бассауғалаған

Атырау облысында ер адам 90 жастағы әкесін ас-сусыз, аяқ-қолын байлап, қамауда ұстаған
Фото: atyrautoday.kz

Атырау облысының Қызылқоға ауданындағы Сағыз ауылында дау шықты. Atyrau.Today мәліметінше, 90 жастағы қарияны ұлы аяқ-қолын байлап, қамауда ұстаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Туыстарының айтуынша, бұрын ішкі істер органдарында қызмет еткен ер адам шамамен 90 жастағы әкесін үйдегі бөлмелердің бірінде қамап ұстап отырған. Зейнеткерге жеткілікті мөлшерде тамақ пен су берілмеген, сыртқа шығуына тыйым салынған, ал қол-аяғын скотчпен байланып тастаған.

Мәліметтерге сәйкес, қария қайшы тауып алып, өз бетінше босанып шыққан. Түнде ол терезе арқылы үйден шығып, туған бауырына барып, көмек сұраған.

Туыстары оқиғаға қатысты жан-жақты әрі әділ тергеу жүргізіліп, кінәлілердің жауапкершілікке тартылуын талап етуде.

Оқиғаға байланысты Атырау облысының Полиция департаменті қарт адамды ұрып-соғу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды

«19 маусым күні дене жарақатын келтіру фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің «Ұрып-соғу» бабымен қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді», – делінген Полиция департаментінің агенттік тілшісіне берген түсініктемесінде.