Қарағанды облысында жол апатынан кейін көлік ішінде қысылып қалған жолаушы құтқарылды
Жол-көлік оқиғасы салдарынан жолаушы көліктің мыжылған салонында қысылып қалған
Қарағанды облысында жол апатына ұшыраған жол талғамайтын көліктің жолаушысын құтқарушылар арнайы құралдың көмегімен шығарып алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, оқиға Бұқар жырау ауданының Атамекен ауылы маңындағы Астана – Алматы тасжолында болған. Жол талғамайтын көлік жолдан шығып кетіп, жыраға аударылған. Салдарынан артқы орында отырған жолаушы көліктің мыжылған салонында қысылып қалып, өздігінен шыға алмай қалған.
Оқиға орнына жеткен құтқарушылар авариялық-құтқару құралдарын пайдаланып, зардап шеккен азаматты көліктен алып шықты. Кейін оны жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырып, жолаушы ауруханаға жеткізілді.
Зардап шегушінің жағдайы туралы қосымша ақпарат әзірге жарияланған жоқ.