Қоқыс ішінен түбіртек іздеп, тәртіп бұзушыларды тапты: Ақмола облысында әкімнің ерекше тәсілі нәтиже берді

Автор: Асқарова Қарлығаш

Осы арқылы қоқысты кімнің тастағанын анықтау жеңілдеген

Фото: ЖИ арқылы жасалды/ChatGPT

Ақмола облысында ауыл әкімінің тазалық сақтамайтын тұрғындарды анықтаудың ерекше тәсілі нәтиже беріп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Целиноград ауданындағы Қажымұқан ауылында әкім Алпамыс Әбеновтің бастамасымен заңсыз төгілген қоқыстардың ішінен түбіртек пен басқа да деректер іздеу тәжірибесі енгізілген. Осы арқылы қоқысты кімнің тастағанын анықтау жеңілдеген.

Тәртіп бұзушыларды іздеуге полиция қызметкерлері де көмектесіп жатыр. Қазірдің өзінде бос жатқан жерлерге немесе өзгенің қоршауының жанына қоқыс қалдырған үш тұрғын анықталған.

Оларға түсіндіру жүргізіліп, әкімшілік хаттамалар толтырылған. Ауыл тұрғындары да бұл бастаманы қолдап отыр. Өйткені соңғы уақытта стихиялық қоқыс орындарының саны көбейген.

«Біздің басты мақсатымыз – адамдарды жазалау емес, тазалық мәдениетін қалыптастыру. Бұл бағыттағы жұмысты әрі қарай жалғастырамыз», – дейді Қажымұқан ауылының әкімі Алпамыс Әбенов.

Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, ауылдың тазалығын сақтау әр тұрғынның жауапкершілігі болуы тиіс.