1,2 млрд теңгені алып, қашып кеткен: «Восток Инжиниринг» басшысына іздеу жарияланды
Кәсіпорын басшысы орындалған жұмыс көлемдері туралы жалған мәліметтер қамтылған актілерге қол қойып отырған
Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында әлеуметтік нысандар құрылысын қадағалау кезінде 1,2 млрд теңге залал келтірген «Восток Инжиниринг» ЖШС басшысына іздеу жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қаржылық мониторинг агенттігі Шығыс Қазақстан облысында 2020-2023 жылдар аралығында ШҚО мен Абай облысының аумағында орналасқан жеті әлеуметтік маңызы бар нысанның құрылысына техникалық қадағалау жүргізген «Восток Инжиниринг» ЖШС басшысына қатысты тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.
Компанияның міндетіне құрылыс-монтаж жұмысының көлемін, сапасын және жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкестігін бақылау, сондай-ақ дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, сумен жабдықтау нысандары мен жағалауды бекіту құрылыстарын салу кезінде нақты орындалған жұмыстарды растау кірген.
Алайда көрсетілген қызметтер үшін төлем алғанына қарамастан, құрылысқа тиісті бақылау жүргізілмеген. Кәсіпорын басшысы орындалған жұмыс көлемдері туралы жалған мәліметтер қамтылған актілерге қол қойып отырған.
«Тінту барысында мөрлердің көшірмелері мен жалған актілер анықталды. Мемлекетке келтірілген залал 1,2 млрд теңгеден асты. ЖШС басшысы іздеуге жарияланды, соттың санкциясымен оған қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қазақстан Республикасы ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді», – делінген Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарламасында.