Аталған жағдайға қатысты тиісті мамандар жұмыс жүргізіп жатыр
Ақмола облысының Зеренді ауданындағы Айдабол көлінде балықтың жаппай қырылып жатқаны анықталды. Қазір оқиға орнында экологтар мен ветеринариялық қызмет мамандары жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жергілікті Nayza Kokshe паблигінің мәліметінше, Викторовка ауылы маңында көл бетіне көп мөлшерде өлі балық қалқып шығып жатыр.
Аталған жағдайға қатысты Зеренді аудандық әкімдігі пікір білдіріп, оқиға орнында ветеринариялық қызмет пен балық инспекциясының мамандары жұмыс жүргізіп жатқанын хабарлады.
«Ауданның ветеринариялық қызметі қырылған балықтардан биологиялық материалдардың сынамаларын алып, оларды тиісті зерттеулер жүргізу үшін облыстық ветеринариялық зертханаға жолдайды. Зерттеу қорытындысы бойынша балықтардың қырылу себебі анықталады», – деп мәлімдеді Ақмола облыстық ветеринария басқармасы.
Сонымен қатар оқиға орнына Есіл өңіраралық бассейндік балық инспекциясы мен Ақмола облысы экология департаментінің мамандары да барған.
Мамандар балықтан, судан және топырақтан сынама алып, жаппай қырылудың нақты себебін анықтауға кіріскен.