«Қоғамды өзгерту әр адамның пайдалы ісінен басталады» – еріктілікті өмір салтына айналдырған семейлік жас көшбасшысы
Ол 30-дан астам жасқа жетекшілік етеді
Қоғамдық белсенділік пен еріктілік – бүгінгі жастардың азаматтық жауапкершілігін айқындайтын маңызды құндылықтардың бірі. Осындай игі істердің алдыңғы қатарынан көрініп жүрген жастардың бірі – Ахмади Бергенев. Қазіргі таңда ол «СОЦKZ» қоғамдық қоры төрағасының міндетін атқарушысы ретінде жастар саясатын дамытуға, волонтерлік қозғалысты қолдауға және қоғамға пайдалы бастамаларды жүзеге асыруға үлес қосып келеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ахмадидің қоғамдық қызметтегі жолы мектеп қабырғасынан басталған. 2019 жылы әскери-патриоттық бағыттағы «Жас Сарбаз» сыныбында оқып жүргенде қарапайым сынып старостасы ретінде ұйымдастырушылық қабілетін таныта бастады. Сол кездің өзінде түрлі бейнероликтер түсіріп, шығармашылық және патриоттық байқауларға қатысып, мектеп өмірінің белсенді мүшесіне айналды.
Кейін ол Семей қаласындағы волонтерлік қозғалысқа белсенді араласты. Қайырымдылық шаралары, әлеуметтік акциялар, жастар бастамалары мен қоғамдық жобаларға қатысу арқылы өңірдегі еріктілер қатарынан көрінді. Волонтерлік қызмет оған адамдармен жұмыс істеуді, жауапкершілік пен көшбасшылық қасиеттерді дамытуды үйретті. Әсіресе қоғамның әлеуметтік осал топтарына қолдау көрсетуге бағытталған шараларға атсалысып, жастар арасында еріктілік мәдениетін насихаттауға күш салды.
Жинақталған тәжірибе мен қоғамдық жұмыстардағы белсенділігі оның жаңа белестерді бағындыруына жол ашты. Бүгінде Ахмади Бергенев «СОЦKZ» қоғамдық қоры төрағасының міндетін атқарушысы ретінде жастардың бастамаларын қолдауға, азаматтық қоғамды дамытуға және еріктілер қозғалысын күшейтуге бағытталған жобаларды жүзеге асырып жүр.
Жас көшбасшының басты мақсаты – жастардың әлеуетін ашуға мүмкіндік беретін орта қалыптастырып, қоғам игілігіне қызмет ететін жаңа бастамаларды қолдау. Оның өмір жолы қоғамдық белсенділік пен еріктіліктің адамды үлкен жауапкершілікке, көшбасшылыққа және ел дамуына үлес қосуға жетелейтінін көрсетеді.
2022 жылы Ахмади Бергенев мектеп президенті болып сайланып, қоғамдық жұмыстағы белсенділігін жаңа деңгейге көтерді. Осы кезеңде ол қалалық акцияларға, сенбіліктерге және жастарға бағытталған түрлі әлеуметтік бастамаларға тұрақты түрде қатысып жүрді. Кейін достарымен және басқа білім беру ұйымдарының белсенді жастарымен бірге волонтерлік қозғалысқа ресми түрде қосылып, өздерінің қоғамдық жұмысын қала көлемінде дамытуға ұмтылды.
«Мектеп президенті болып сайланғаннан кейін қоғамдық жұмысқа бұрынғыдан да белсенді араласа бастадым. Қалалық акциялар мен сенбіліктерге қатысып жүріп, волонтерлік қызметтің қоғам үшін қаншалықты маңызды екенін түсіндім. Достарыммен бірге еріктілер қатарына қосылып, өзіміздің игі бастамаларымызды қала деңгейінде жүзеге асыруға мүмкіндік алдық», – дейді Ахмади Бергенев.
Бүгінде ол жастар арасында заң мен тәртіп қағидаларын, «Таза Қазақстан» идеясын және адал азамат құндылықтарын насихаттауға үлес қосып келеді. Оның айтуынша, волонтерлік қызмет тек қоғамға пайда әкеліп қана қоймай, адамның жеке тұлға ретінде қалыптасуына да үлкен ықпал етеді.
«Мен үшін волонтерлік – адамның тұлғалық дамуына жол ашатын ерекше мектеп. Осы қызмет арқылы жауапкершілікті сезінуді, адамдармен тиімді қарым-қатынас орнатуды, ашықтық пен ұйымшылдықты үйрендім. Бұл тәжірибе өмірімнің барлық саласында көмегін тигізіп келеді», – дейді ол.
Қазіргі таңда Ахмади бастаған еріктілер Семей қаласында «Таза Қазақстан» бастамасын кеңінен насихаттау бағытында жұмыс жүргізіп жатыр. Волонтерлер экологиялық акцияларға қатысып қана қоймай, құқық қорғау органдарымен бірлесіп қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға да атсалысады.
«Біз үшін таза қала – тек тазаланған аумақ емес, ол жауапкершілігі жоғары азаматтар қалыптастыратын орта. Сондықтан экологиялық акциялармен қатар, жастар арасында құқықтық мәдениетті арттыруға ерекше көңіл бөлеміз. Есірткі жарнамаларын жою, профилактикалық рейдтер өткізу, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарға белсенді қатысамыз», – дейді Ахмади Бергенев.
Бүгінде оның жетекшілігімен қалыптасқан волонтерлік командада 30-дан астам белсенді жас бар. Олар қоғамдық жұмыстарға тұрақты қатысып, қала өміріне оң өзгерістер енгізуге өз үлестерін қосып келеді. Команда мүшелері түрлі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың алғыс хаттарымен, грамоталарымен және сертификаттарымен марапатталған.
«Біздің командаға қоғамға пайдалы іс жасағысы келетін, белсенді өмірлік ұстанымы бар жастардың барлығы келе алады. Біз әрдайым жаңа идеяларға ашықпыз. Себебі қоғамды өзгерту үлкен қадамдардан емес, әр адамның кішкентай болса да пайдалы ісінен басталады», – деп атап өтті Ахмади Бергенев.
Жас көшбасшының айтуынша, волонтерлік қозғалыстың басты күші – жастардың белсенділігі мен қоғамға деген жанашырлығы. Сондықтан ол алдағы уақытта да еріктілер қатарын көбейтіп, жастарды қоғамдық бастамаларға кеңінен тартуды мақсат етеді.