Сот санкциясымен күдіктілерге тиесілі пәтер мен автокөлікке тыйым салынды
Қаржылық мониторинг агенттігі Ақмола облысында электрондық тұтыну жүйелерін (вейптерді), оларға арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтықтарды заңсыз өткізумен айналысқан қылмыстық топты қолға түсірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ведомство мәліметінше, өнімдерді әлеуметтік желілердегі интернет-дүкендер арқылы сатып, оны курьерлік қызметпен жеткізіп отырған.
Қатысушылар заңсыз қызметін жасыру мақсатында конспирация шараларын қолданып, ақша қабылдап, оны қолма-қол ақшаға айналдыру үшін дропперлерді пайдаланған.
«Қылмыстық табыс көлемі 221 млн теңгеден асты. Сот санкциясымен күдіктілерге тиесілі пәтер мен автокөлікке тыйым салынды. Ұйымдастырушы қамауға алынды. Тергеп-тексеру жүріп жатыр. Қазақстан Республикасы ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды. Айта кету керек, жыл басынан бері Қаржылық мониторинг агенттігі вейптерді заңсыз өткізу фактілері бойынша 12 сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған. Заңсыз айналымнан 717 мың дана өнім тәркіленді», – делінген ҚМА хабарламасында.
ҚМА ескертеді: вейптерді пайдалану, әсіресе жасөспірімдер мен жастар арасында никотинге тәуелділіктің қалыптасуына әкеледі. Никотин жүрек-қан тамырлары және жүйке жүйесіне кері әсер етіп, созылмалы аурулардың даму қаупін арттырады.