Түркістан облысында бес жасар бала пойыз астына түсе жаздады

Автор: Дәулет Ботагөз

Оқиға 20 маусым күні сағат 15:08-де Шорнақ станциясының маңында болған

Фото: © istockphoto.com

Түркістан – Шиелі теміржол учаскесінде жолаушылар пойызының машинисі рельс бойында жүрген бес жасар баланы қағып кетуден аман алып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға 20 маусым күні сағат 15:08-де Шорнақ станциясының маңында болған. №7/8 бағытындағы Алматы-2 – Саратов жолаушылар пойызы сағатына 70 шақырым жылдамдықпен келе жатқанда, локомотив бригадасы жолдың ортасында тұрған баланы байқаған. Машинист бірден шұғыл тежеу жүйесін іске қосты, соның нәтижесінде пойыз дер кезінде тоқтап үлгерді.

ҚТЖ мәліметінше, бұл оқиғаға байланысты пойыз қозғалысының кешігуі небәрі 4 минутты құраған. Теміржолдың бұл учаскесі арнайы қоршаумен жабдықталғаны анықталды. Алайда бес жасар бала қауіпті жерге ересектердің қарауынсыз жалғыз жүрген.

Ұлттық компания өкілдері ата-аналарға үндеу тастап, балаларды теміржол желілерінің маңында қараусыз қалдырмауды сұрайды. Сондай-ақ балаларға теміржол көлігі нысандарындағы қауіпсіз мінез-құлық ережелерін жүйелі түрде ескертіп отыру қажеттігін қатаң ескертеді.