Астанада қоқыс үйіндісі отқа оранды

Оқиға Сарыарқа ауданында болған

Астанада қоқыс үйіндісі отқа оранды
Фото: © istockphoto.com

Астана қаласының Сарыарқа ауданында ірі өрт оқиғасы тіркелді. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, Кенжин көшесінің бойында жиналып қалған қоқыс пен резеңке-техникалық бұйымдар тұтанған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Өрт сөндіру бөлімшелері шақырту орнына жеткен кезде аумақтың ашық жалынмен өртеніп жатқаны және көкке қою қара түтіннің көтерілгені белгілі болды. Қара түтіннің қалың болуына қоймадағы резеңке бұйымдардың жануы себеп болған.

Өрт сөндірушілер оқиға орнына жете сала жалынды ауыздықтауға кірісті. Тілсіз жаумен күресті тиімді жүргізу үшін судың үздіксіз берілуі қамтамасыз етілді.

Қазіргі уақытта мамандар өртті толықтай жою үшін барлық қажетті шараны іске асыруда. Төтенше жағдайдың неден шыққаны және оқиғаның мән-жайы алдағы уақытта анықталмақ.