Балқаш көлінің жағалауында жаңа құтқару станциясы ашылды

Жаңа нысан Балқаш қаласынан 43 шақырым жерде орналасқан

Балқаш көлінің жағалауында жаңа құтқару станциясы ашылды
Фото: ТЖМ

Балқаш көлінің жағалауындағы Торанғалық кентінде жаңа құтқару станциясы іске қосылды. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, бұл нысан өңірдегі ең танымал туристік орындардың бірінде демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Заманауи кешеннің салтанатты ашылу рәсіміне министр Шыңғыс Әрінов пен Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қатысты.

Жаңа құтқару станциясы Балқаш қаласынан 43 шақырым жерде орналасқан. Ол жағалаудағы 20-дан астам демалыс аймағын қамтитын үлкен туристік аумаққа қызмет көрсетеді.

Бұған дейін бұл өңірдегі қауіпсіздікті Балқаш қаласынан келетін бөлімшелер қадағалайтын. Оқиға орнына жету уақыты 30 минуттан асып кететіндіктен, жедел көмек көрсету қиын болатын. Жаңа станция бұл уақытты айтарлықтай қысқартады.

Кешен тәулік бойы кезекшілік етуге және іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізуге толық бейімделген.

 Жаңа бөлімше қажетті арнайы техникамен толық жабдықталған. Оның иелігінде жедел-құтқару автокөлігі, қайық, заманауи байланыс құралдары мен арнайы жабдықтар бар. Бөлімшенің штаттық құрамы 12 қызметкерден тұрады, ал тәулік бойғы кезекшілікке 3 құтқарушыдан түсіп отырады. Сондай-ақ инфрақұрылым аясында жағалауды толық бақылауға мүмкіндік беретін шолу мұнарасы, қайықтарға арналған пирс, воркаут-аймақ және қызметкерлердің демалыс бөлмелері қарастырылған.

Салтанатты шара барысында министр Шыңғыс Әрінов жобаны іске асыруға үлес қосқан қызметкерлерге марапаттар мен жаңа техниканың кілттерін табыс етті.