Атырау облысында жаңа туған сәбиді әжетхана шұңқырынан құтқарған азаматқа марапат табысталды

Шырылдап жатқан нәрестені аман алып қалған тұрғынның ерлігі елеусіз қалмады

Атырау облысында жаңа туған сәбиді әжетхана шұңқырынан құтқарған азаматқа марапат табысталды
Фото: Polisia.kz

Атырау облысының Жылыой ауданында осыдан 11 жыл бұрын жаңа туған сәбиді әжетхана шұңқырынан құтқарып қалған полиция қызметкері Амангелді Мұқашев бүгінде өз есімі берілген баламен әлі күнге дейін байланысын үзбеген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Polisia.kz мәліметінше, оқиға жас полиция қызметкері кезекшілікте жүрген кезде болған. Сол күні «102» арнасына жекеменшік үйлердің біріндегі әжетхана шұңқырынан жаңа туған нәресте табылғаны туралы хабарлама түскен.

«Оқиғаны алғаш көрген медицина қызметкері сәбидің шетінеп кеткеніне сенімді болды. Бірақ бір сәтте оның жылаған дауысын естідік. Сол кезде баланың тірі екенін түсіндім. Әр секунд қымбат еді», – деп еске алды Амангелді Мұқашев.

Нәрестеге жету үшін полиция қызметкері шұңқырға өзі түскен. Оның айтуынша, сәби ол жерде жолдасымен бірге жатқан. Мұндай жағдайда баланың да, оны құтқаруға түскен адамның да өміріне қауіп төнген.

Сәби жоғарыға шығарылғаннан кейін дәрігерлерге тапсырылды. Кейін мамандар аз ғана кідірістің өзі нәрестенің өміріне қауіп төндіруі мүмкін болғанын айтқан.

Қазір Амангелді Мұқашев Жылыой аудандық полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторын басқарады. Ол құтқарып қалған баламен әлі күнге дейін араласып тұратынын айтты. Балаға өз құтқарушысының құрметіне Амангелді есімі берілген.

Полиция қызметкерінің айтуынша, бүгінде бала тәрбиелі әрі мақсатшыл болып өсіп келеді. Ол Амангелдінің елге адал қызмет ететін азамат болып қалыптасатынына сенім білдірді.