Белгілі кардиолог-дәрігер Сәуле Әбсейітова өмірден өтті

Автор: Алмас Ерсін

Отандық кардиологияның дамуына зор үлес қосқан белгілі дәрігердің қазасы медицина қауымдастығына ауыр тиді.

Фото: otyrar.kz

Қазақстан медицинасы орны толмас ауыр қазаға ұшырады. Белгілі кардиолог, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері, Еуропалық кардиологтар қоғамының мүшесі Сәуле Райымбекқызы Әбсейітова дүниеден өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сәуле Райымбекқызы жоғары кәсібилігімен және терең білімімен танылған білікті маман еді. Оған ең күрделі әрі үміт аз көрінген жағдайларда көмек сұрап жүгінетін. Ол созылмалы жүрек жеткіліксіздігінің ауыр түріне шалдыққан науқастарды емдеп, асқынған әрі емге көнбейтін гипертониясы бар пациенттерге көмек көрсетті. Диагнозы нақтыланбаған күрделі клиникалық жағдайларды саралап, дұрыс шешім таба білді. Оның кәсіби кеңесі мен көмегін алу үшін еліміздің түкпір-түкпірінен адамдар келетін.

«Әріптестері үшін Сәуле Райымбекқызы ғылымға адалдық пен дәрігерлік борышқа беріктіктің үлгісі болды. Жас дәрігерлер оны ұстаз әрі тәлімгер ретінде құрметтеді. Ал мыңдаған пациент үшін ол өмірге қайта үміт сыйлаған жан болып қалды. Сәуле Әбсейітованың отандық кардиологияның дамуына қосқан үлесі Қазақстан медицинасының тарихында мәңгі сақталады», - делінген әріптестерінің естелігінде.

Марқұмның туған-туыстары мен жақындарына, әріптестері мен шәкірттеріне қайғыра көңіл айтамыз.

Көрнекті дәрігердің жарқын бейнесі мен адамгершілік қасиеті оны таныған жандардың жүрегінде мәңгі сақталады.