Алматыда заңсыз жұмыс істеген «Береке» базары сүрілді

Сауда орны қаланың орталығында – Гоголь көшесі, 173 мекенжайында орналасқан

Алматыда заңсыз жұмыс істеген «Береке» базары сүрілді
Фото: қала әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматы қаласында ешқандай рұқсат құжаттарынсыз қызмет көрсетіп келген «Береке» сауда базары толықтай бұзылды. Нысан иесі сот шешімінен кейін заңсыз құрылыстарды өз еркімен демонтаждауға мәжбүр болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сауда орны қаланың орталығында – Гоголь көшесі, 173 мекенжайында орналасқан. Қалалық жоспарлау және қала құрылысын бақылау басқармасы жүргізген жоспардан тыс тексеріс барысында базардың заңсыз салынып, жұмыс істеп тұрғаны анықталды.

Нысан иесіне анықталған заң бұзушылықтарды жою туралы арнайы нұсқама беріліп, әкімшілік шаралар қолданылған. Алайда меншік иесі заңдық талаптарды орындамай, елеусіз қалдырған.

Базар әкімшілігі талаптарды елемегендіктен, уәкілетті орган Алматы қаласының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап арыз түсіріп, заңсыз павильондарды сүруді талап етті.

Сот мекеменің талап арызын толықтай қанағаттандырып, базар аумағындағы барлық сауда павильонын өз бетінше салынған заңсыз құрылыс деп таныды және оларды сүру туралы шешім шығарды.

Сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін, атқарушылық парақ Әділет департаментіне жолданған. Нәтижесінде, базар иесі бірінші сатыдағы соттың үкімін орындау мақсатында сауда павильондарын өз еркімен толықтай бұзып, аумақты босатты.