Ел тұрғындары енді eGov пен e-Otinish сервистерін трафиксіз пайдалана алады
Елімізде телекоммуникация нарығын дамытуға бағытталған жаңа заң ресми түрде күшіне енді
Елімізде телекоммуникация нарығын дамытуға бағытталған жаңа заң ресми түрде күшіне енді. Енді қазақстандықтар теңгерімде қаражат болмаса да, маңызды мемлекеттік цифрлық сервистерді тегін пайдалана алады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, жаңа заң аясында әлеуметтік маңызы бар цифрлық ресурстарды тегін пайдалануға рұқсат беріледі.
Тұрғындар өз тарифтеріндегі интернет-трафикті жұмсамай-ақ, eGov электрондық үкімет порталы, e-Otinish өтініштер қабылдау сервисі, Aitu мессенджері және басқа да әлеуметтік маңызы бар платформаларды еркін пайдалана алады.
Бұл жаңашылдық азаматтардың кез келген уақытта байланыста болуына және мемлекеттік қызметтерді еш кедергісіз алуына мүмкіндік береді.
Заң байланыс нарығындағы ашықтықты арттыруды да көздейді. Енді ұялы байланыс операторлары өздерінің қаржылық есептілігін, байланыс тораптарының тізімін және тарифтерін ашық жариялауға міндеттелді.
Сондай-ақ, елімізде ұялы байланыс сапасын жақсарту мақсатында жаңа шектеулер енгізілмек.
Байланыс сигналын күшейтетін құрылғыларды ел аумағына заңсыз әкелуге шектеу қойылады. Мұндай жабдықтарды Қазақстанға тасу құқығы тек ресми байланыс операторларына ғана беріледі.
Бұдан бөлек, құжатта байланыс инфрақұрылымының құрылысын жеделдету шаралары қарастырылған. Байланыс нысандарына жер телімдерін бөлу тәртібі жеңілдетіліп, тіпті ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда да желілер салуға мүмкіндік туды.