Ақтөбеде 42 млрд теңгеге жаңа зауыт салынады

Инвестициялық жобаны іске асыру арқылы өңірде жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланып отыр

Ақтөбеде 42 млрд теңгеге жаңа зауыт салынады
Фото: CCI

Ақтөбеде алкогольсіз сусындар шығаратын ірі өндіріс ошағының құрылысы басталды. Coca-Cola İçecek Kazakhstan компаниясы қолға алған инвестициялық жоба өңір экономикасын нығайтуға бағытталған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жаңа өндіріс орны компанияның Қазақстандағы төртінші зауыты болмақ. Жобаның жалпы құны 41,8 миллиард теңгені құрайды.

Инвестициялық жобаны іске асыру арқылы өңірде жаңа жұмыс орындарын ашу, өңірдің өндірістік қуатын кеңейту және облыс экономикасына қосымша капитал тарту жоспарланып отыр. Зауыттың іргетасын қалау рәсіміне мемлекеттік органдар мен бизнес қоғамдастық өкілдері қатысты.

Жобаның ресми ашылуына қатысқан ҚР Бас прокуратурасы Инвесторлар құқығын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Арман Хасенов бұл қадамның маңызына тоқталды.

«Жаңа зауыттың іске қосылуы – инвестордың Қазақстанға деген сенімінің көрсеткіші және бизнес пен мемлекеттің тиімді іс-қимылының нәтижесі. Мұндай жобалар жаңа технологиялар әкелуге және өңірлердің экономикалық әлеуетін нығайтуға септігін тигізеді», — деді Арман Хасенов.

Бас прокуратура өкілі атап өткендей, елімізде инвесторлардың құқығын қорғау және жобаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасау қадағалау органы жұмысының басым бағыттарының бірі болып қала береді.