Сергей Цырульников «Balkhash Tour Fest – 2026» халықаралық фестивалінде батырлар өнерін көрсетеді

Автор: Асыл Арман

Ол Балқашқа фестивальдің арнайы елшісі – амбассадоры ретінде барған

Фото: Қарағанды облысының әкімдігі

Белгілі балуан Сергей Цырульников жаздың басты оқиғаларының бірі – Balkhash Tour Fest – 2026 халықаралық фестиваліне арнайы қатысу үшін Балқашқа барды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Танымал спортшы мұндай мәдени-туристік шаралардың маңыздылығын атап өтіп, фестивальдің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын ерекше бағалады.

«Қызметімнің арқасында әлемнің 80-нен астам елінде болдым. Шетелдерде осындай ауқымды іс-шараларға жиі қатысып тұрамын. Balkhash Tour Fest – тарихи маңызы мен мазмұны терең, өзіндік ерекшелігі бар ерекше фестиваль. Қазақстанда мұндай жобаларды жиі өткізу қажет деп есептеймін. Бұл – адамдардың бас қосып, жаңа байланыстар орнатып, тәжірибе алмасуына, сондай-ақ табиғатпен үйлесім тауып, Балқаш өңірінің туристік әлеуетін танып-білуге мүмкіндік беретін тамаша алаң. Мұнда сапалы және жақсы демалыс үшін барлық жағдай жасалған», – дейді қонақ.

Сергей Цырульниковтың айтуынша, ол Балқашқа фестивальдің арнайы елшісі – амбассадоры ретінде келген. Іс-шара аясындағы интерактивті шоу барысында ол қазақ тарихындағы әйгілі алып күш иелері – Қажымұқан, Балуан Шолақ және өзге де батырлардың ерлік өнерін көрермендер назарына ұсынады.