Ақтау әуежайы алып ұшақтарды қабылдауға дайындалып жатыр

Автор: Асқарова Қарлығаш

Құрылысы аяқталғаннан кейін әуежайға Аirbus A380, Boeing 747-8 және Ан-124 «Руслан» секілді алып әуе кемелері қона алады

Фото: istockphoto.com

Ақтау халықаралық әуежайы алдағы уақытта әлемдегі ең ірі жолаушылар және жүк ұшақтарын қабылдай алатын әуе айлақтарының қатарына қосылмақ. Қазір мұнда аэродромдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмысы қарқынды жүріп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Көлік министрлігінің мәліметінше, әуежайды жаңғырту жобасы 2024 жылы басталған. Жобаның алғашқы кезеңінде ұшу-қону жолағы мен рульдеу жолдарына күрделі жөндеу жүргізіліп, жұмыс өткен жылдың шілде айында толық аяқталған.

Қазір екінші кезең іске асырылып жатыр. Бұл жолы негізгі назар әуе кемелері тоқтайтын перронды және оған қатысты инфрақұрылымды жаңартуға аударылған. Мамандардың айтуынша, перрондағы жұмыстың 90 пайызы аяқталған. Қалған бөлігінде жаңа жабын төсеу, периметрлік қоршау орнату және жарықтандыру жүйесін жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, жоба аяқталған соң Ақтау әуежайының мүмкіндігі айтарлықтай кеңейеді. Ең алдымен ұшу қауіпсіздігі күшейіп, әуе кемелеріне арналған тұрақ орындарының саны артады. Сонымен қатар ауыр жүк тасымалдайтын ұшақтарды қабылдауға жол ашылады.

Жаңғырту жұмысы 2026 жылдың үшінші тоқсанының соңына дейін толық аяқталуы тиіс.

Жобаның басты ерекшелігінің бірі – Ақтау әуежайының «F» санатындағы әуе кемелерін қабылдау мүмкіндігіне ие болуы. Бұл санатқа әлемдегі ең ірі ұшақтар жатады. Атап айтқанда, Airbus A380, Boeing 747-8 және Ан-124 «Руслан» секілді алып әуе кемелері Ақтауға қона алады.

Мамандардың пікірінше, мұндай мүмкіндік Маңғыстау өңірінің көлік-логистикалық әлеуетін арттыруға ықпал етеді. Әсіресе халықаралық жүк тасымалы мен транзиттік бағыттарды дамытуға жаңа серпін беруі мүмкін.

Айта кетейік, өңірдегі авиациялық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары мұнымен шектелмейді. Жыл соңына дейін Кендірлі курорттық аймағындағы жаңа әуежайды пайдалануға беру жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта құрылыс алаңында 215 жұмысшы мен 122 арнайы техника тәулік бойы еңбек етіп жатыр.