Иранда орамалсыз ән айтқан әншіге дүре соғу жазасы тағайындалды
Оған елден шығуға да тыйым салынды
Иран әншісі Парасту Ахмади мен оның продюсерлік командасының сегіз мүшесі хиджабсыз өнер көрсеткені үшін 74 дүре соғу жазасына кесілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
The Guardian басылымы хабарлағандай, 2024 жылдың желтоқсанында 29 жастағы Ахмади өзінің YouTube арнасында тікелей эфирде Az Khoone Javanane Vatan атты патриоттық әнді орындаған. Әнші өнер көрсету кезінде хиджаб кимеген. Бейнежазба әлеуметтік желілерде кең тарап, миллиондаған қаралым жинаған.
Нәтижесінде сот оны дүре соғу жазасына кескен. Сонымен қатар, Кум провинциясының соты әншіге «қоғамдық мораль нормаларын қорлады» деген айып тағып, екі жылға елден шығуға және шығармашылық қызметпен айналысуға тыйым салды.
Сот жарияланған видеоны «дөрекі әрі моральға қайшы контент» деп бағалаған.