Досын құтқарамын деп, өзі сотталып кетті: Щучинск тұрғыны сотта өтірік айтқаны үшін басы дауға қалды

Оның бұрын ауыр қылмыс жасағаны белгілі болды

Досын құтқарамын деп, өзі сотталып кетті: Щучинск тұрғыны сотта өтірік айтқаны үшін басы дауға қалды
Фото: istockphoto.com

Щучинск қаласында танысын әкімшілік жауапкершіліктен құтқармақ болып, сотта өтірік айтқан жергілікті тұрғын 2 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ол танысын құтқармақ болып, көлік құралын басқа адамның жүргізгені туралы сотқа көрінеу жалған айғақ берген. Алайда іс материалдарындағы бейнежазба оның айғақтарын жоққа шығарып, көлік құралын нақты басқарған тұлғаның кінәсін дәлелдеді.

Прокурордың өтінішхаты негізінде сот жеке қаулы шығарып, содан кейін Қылмыстық кодексінің 420-бабы (көрінеу жалған айғақ беру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

«Алғашында сот оған бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындаған. Алайда прокуратураның апелляциялық өтінішхаты бойынша, сотталған адамның жеке басы және оның бұрын ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталғаны ескеріліп, облыстық сот жазаны өзгертіп, оны ең жоғары қауіпсіздік мекемесінде өтеумен 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады», – делінген прокуратура хабарламасында.

Прокуратура сотта немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында көрінеу жалған айғақ беру қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын еске салады.