Қазақстанда бес айда 1700-ден аса мал жоғалған: жыл басынан бері 58 қылмыстық топ ұсталды (ВИДЕО)

Мал ұрлығына қатысы бар 258 адам қолға түсті

Қазақстанда бес ай ішінде 266 мал ұрлығы тіркелді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11%-ға төмен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ІІМ мәліметінше, қылмыстың осы түрін ашу көрсеткішінде оң өзгеріс байқалады. Қабылданған шаралардың нәтижесінде мал ұрлығына қатысы бар 258 адам ұсталып, 58 қылмыстық топ қолға түсті. Ұрланған 1730 бас малдың 1007-сі иелеріне қайтарылды.

Жамбыл облысында полиция қызметкерлері жалпы құны 15 миллион теңгеден асатын 25 бас ірі қара малдың ұрланғанын анықтады. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында өңірдің үш тұрғыны ұсталды. Олар түнгі уақытта жүк көлігін пайдаланып, жайылымнан мал ұрлап, кейін оның бір бөлігін делдалдар арқылы сатып жіберген.

Қазіргі уақытта күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ұрланған мал заңды иесіне қайтарылды. Ішкі істер министрлігі мал иелеріне қараусыз жайылымға жібермеуді, оларды уақытылы таңбалауды және мал жоғалған жағдайда дереу полицияға хабарлауды ескертеді.