Талдықорғанда есірткі таратып жүрген ерлі-зайыпты ұсталды (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Заңсыз айналымнан жалпы салмағы 260 грамм мефедрон тәркіленді

Фото: Видеодан скрин

Талдықорғанда мессенджер арқылы синтетикалық есірткі таратумен айналысқан күдікті ерлі-зайыпты қолға түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Талдықорған қаласында синтетикалық есірткі өткізумен айналысты деген күдікпен ерлі-зайыптыларды ұстады. Олар – Алматы қаласының 33 жастағы тұрғыны мен Алматы облысының 43 жастағы тұрғыны.

«Тергеу мәліметтеріне сәйкес, күдіктілер мессенджерлердің бірі арқылы куратордан нұсқаулар алып, тыйым салынған заттарды «жасырын орындарға қойып кету» тәсілімен таратқан. Жеке тінту және кейінгі тергеу әрекеттері барысында олардан ұнтақ тәрізді зат салынған орамалар, сондай-ақ есірткілерді өлшеп-орауға және таратуға арналған заттар тәркіленді. Сонымен қатар, Талдықорған қаласындағы уақытша тұрып жатқан мекенжайларында жүргізілген тінту кезінде қосымша есірткі заттары мен олардың заңсыз қызметпен айналысқанын айғақтайтын құрал-жабдықтар анықталды», – делінген ПД хабарламасында.

Тергеу әрекеттерінің нәтижесінде заңсыз айналымнан жалпы салмағы 260 грамм мефедрон тәркіленді. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жалғасып жатыр. Полиция есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымына байланысты қылмыс үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында қатаң қылмыстық жауапкершілік көзделгенін еске салады.