Ақсу тұрғыны 5 млн теңге несие рәсімдеп, оны алаяқтарға аударып жібермек болған

Алаяқтар Ақсу тұрғынын бір сағат бойы алдап, психиологиялық қыспаққа алған

Ақсу тұрғыны 5 млн теңге несие рәсімдеп, оны алаяқтарға аударып жібермек болған
Фото: istockphoto.com

Павлодар облысында полиция қызметкері алаяқтардың құрығына түсе жаздаған тұрғынды 5 миллион теңгеге несие рәсімдеуден құтқарып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақсу қаласының көші-қон қызметі бөлімшесінің инспекторы Айжан Самек интернет-алаяқтықтың алдын алды, соның арқасында жергілікті тұрғын бар жиған ақшасын сақтап қалды.

Қаскүнемдер бір сағаттан астам уақыт бойы ер адамды телефон арқылы және оның жеке деректеріне қол жеткізу үшін әртүрлі айла-шарғыға барып, психологиялық қысым жасаған. Олар ер адамға 5 млн теңге несие алдырмақ болған.

Айжан Самек алаяқтардың арбауына түскелі тұрғанын бірден байқап, дереу әрекет етті. Ол ер адамға алаяқтардың қандай тәсілмен алдап жатқанын түсіндіріп, оның қандай қауіпке әкелуі мүмкін екенін айтты. Сондай-ақ несие рәсімдеу мүмкіндігін шұғыл түрде бұғаттауға көмектесті. Қызметкердің қырағылығы мен жедел әрекетінің арқасында азамат үлкен қиындықтан аман қалды.

«Қызметкердің қырағылығы мен жедел әрекетінің арқасында алаяқтардың құрбаны болудан аман қалдым. Ол жағдайды тез бағамдап, маған дұрыс шешім қабылдауға көмектесті. Нәтижесінде ақшамды сақтап қалып, қажетсіз несие рәсімдеуден құтылдым. Осындай кәсіби көмегі үшін үлкен алғысымды білдіремін», – деп атап өтті Павлодар облысының тұрғыны Аман Хуантхан.

Полиция тағы да еске салады: ешбір жағдайда бөгде адамдарға растау СМС-кодтарын, банк карталарының деректемелерін және дербес деректерді хабарлауға, сондай-ақ белгісіз тұлғалардың нұсқауы бойынша қаржылық операцияларды орындауға болмайды.