Ол – Астана қаласындағы №83 мектеп-лицейінің түлегі
Әлемгі әйгілі әнші Димаш Құдайберген Астанада соңғы қоңырау күні ұстазымен бірге билеген «алтын белгі» иегеріне тосынсый жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Астана әкімдігінің мәліметінше, елорданың 16 мыңнан астам түлегі мектеппен қоштасып, үлкен өмірге қадам басты. Түлектерге арналған мерекелік іс-шара барысында ерекше оқиғалардың бірі №83 мектеп-лицейінің 11-сынып түлегі, «Алтын белгі» иегері Максим Цойға қатысты болды.
«Максим бұған дейін 25 мамыр күні өткен соңғы қоңырау салтанатында ұстазымен бірге би билеп, көпшіліктің ықыласына бөленген еді. Ерекше білім беру қажеттілігі бар жас түлектің өмірге деген құштарлығы, белсенділігі мен ұстазына деген құрметі әлеуметтік желі қолданушыларының жылы лебізіне ие болды. Максим Цой үздік оқу үлгерімі үшін қызыл аттестат алып, мектепті үздік тәмамдады. Сонымен қатар ол тағы бір қуанышты жаңалыққа кенелді. Әлемге танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайберген жас түлекке арнайы сыйлық жолдап, қымбат ноутбук тарту етті», – делінген Астана әкімдігінің хабарламасында.
Өнер иесінің бұл сыйы Максимнің білім жолындағы еңбегі мен табандылығына көрсетілген құрмет ретінде бағаланып отыр. Ал тосынсый жас түлектің аттестат алған күніндегі қуанышын еселей түсті.