Қазақстанның үш қаласында ауа сапасының нашарлау қаупі туралы ескерту жасалды
Бұл күні әсіресе балалар мен жүкті әйелдерге ұзақ уақыт сыртта жүрмегені жөн
Қазақстанның бірқатар қаласында 19 маусым күні қолайсыз метеорологиялық жағдайлар болады деген болжам бар. Бұл туралы «Қазгидромет» мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Синоптиктердің болжамынша, күндіз Ақтөбе мен Балқаш қалаларында, ал түнгі уақытта Қостанайда ауа сапасының нашарлауына ықпал ететін қолайсыз метеорологиялық жағдайлар қалыптасады.
Мамандардың түсіндіруінше, мұндай жағдайлар желдің әлсіз соғуы, тымық ауа райы, тұман және температуралық инверсия кезінде пайда болады. Соның салдарынан зиянды заттар атмосфераның жерге жақын қабатында жиналып, ауаның ластану деңгейі артады.
Синоптиктер бұл кезеңде денсаулыққа келетін қауіптің жоғарылайтынын, әсіресе тыныс алу және жүрек-қан тамырлары жүйесінің созылмалы аурулары бар адамдарға сақ болғаны жөн екенін ескертті.
Осыған байланысты тұрғындарға көшеде ұзақ уақыт жүрмеуге, әсіресе көлік көп жүретін жолдардың маңында серуендеуді шектеуге кеңес берілді. Бұл күні әсіресе балалар мен жүкті әйелдерге ұзақ уақыт сыртта жүрмегені жөн.
Аллергиясы бар азаматтар мен тыныс алу жүйесі ауруларынан зардап шегетін адамдар қажетті дәрі-дәрмектерін өздерімен бірге алып жүргені жөн. Сондай-ақ мамандар ашық ауадағы дене жаттығуларын уақытша шектеп, мүмкіндігінше жабық ғимараттарда өткізуді ұсынады.